CaspianLife, 29 қазан. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидың жетекшілігімен өткен ведомствоаралық кеңесте хабарланды.
Антикордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері қаралды. Кеңеске көлік министрі М.К. Қарабаев, жоғары аудиторлық палата, стратегиялық жоспарлау, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің, қаржы, өнеркәсіп және цифрландыру министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Кездесуде мемлекет басшысының тапсырмасымен Антикор мен көлік министрлігі тарапынан жүргізілген жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.
«Соңғы бес жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды, бірақ жол желісінің жай-күйі халық тарапынан шағым тудыруда. 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға азаматтардан автомобиль жолдарының сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады. Осы жылдың басынан бері Агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сыртқы талдау жол құрылысын жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі барлық кезеңдерде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті. Бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады. Келісімшар көбінесе тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісім шарттарымен жасалады. Қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту ешкімнің бақылауында емес.
Көп сатылы бақылау жүйесінің жеткіліксіздігі де анықталды. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының анықталған ақаулар туралы қорытындылары міндетті түрде орындалмайды, ал техникалық қадағалау өз функцияларын формальды түрде орындайды.
Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті салада толық көлемде пайдаланылмайды. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады. Жаңа технологияларды енгізуді бақылаудың болмауы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына әсер етеді.
Цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырады. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен, жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген.
Талдау қорытындысы бойынша Агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындады. Жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функцияларын қайта қарау, ҚазжолҒЗИ-сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге қайта бағдарлау, ірі жол жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеу, жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ жолдардың цифрлық картасын жасау жөнінде шаралар ұсынылды.
«Бірқатар ұсыныстар қазірдің өзінде сыналуда. Мысалы, Атырау облысында автожолдардың бірін орташа жөндеу кезінде «Цифрлық теңге» жобасы арқылы бөлінген ақшалай қаражатты қадағалау жоспарлануда», — делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
(Сурет: Редакцияның архивінен)