CaspianLife, 29 қазан. Тәжікстан мемлекеті, Душанбе қаласында 25-27 қазан күндері самбодан спорт шеберлері арасында Әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додада маңғыстаулық 6 спорт шебері бақ сынап, 3 спорт шебері жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлады Қоғамдық коммуникация орталығы.
ҚР самбо федерациясының бірінші вице-президенті, Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервін даярлау орталығының басшысы Манарбек Бисекенов 79 келі салмақта қола жүлдеге, спорт шеберлері арасында Азия және Океания чемпионы Нұрлан Аманиязов 98 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болса, ҚР спорт шеберіне үміткер Мереке Бекешов 88 келі салмақта қола жүлдені қанжығаға байлады.
Сондай-ақ, халықаралық экстра-класс төреші маңғыстаулық Берік Жұмағалиев те Әлем чемпионатында жеке марапатқа ие болды.