CaspianLife, 16 қазан. Атырауда автогаз тапшы. АМӨЗ жөндеуге тұрғалы бері жанар-жағармай құю бекеттерінің алдында кезек көбейген.
Көлік жүргізушілері сұйытылған мұнай газын сағаттап күтуге мәжбүр. Кейде мүлде болмай да қалып жатады дейді олар. Әрі автогаз болған күннің өзінде тек талонмен беріледі екен. Ал әкімдіктегілер болса, жағдайдың көп ұзамай реттелетінін айтады.
Атыраудың сұйытылған мұнай газына деген 1 айлық қажеттілігі шамамен 10-12 мың тоннадан астам. Ал осы қазан айына министрліктен шамамен 7000 тоннадан астам автогаз бөлініп отыр. Оның 4122 тоннасы Ақтөбе облысынан, 2490 тоннасы Оралдан, қалған 408 тоннасы АМӨЗ –нан жеткізілуде. Әкімдіктегілер тағы қосымша сұйытылған мұнай газы бөлінетінін айтады.