CaspianLife, 15 қазан. Атырау қаласының №2 сотында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы және 218-бабының 1-бөлігі).
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, қалалық емхананың бас бухгалтері қызметтік жағдайын пайдаланып, 2012-2023 жылдар аралығында өзіне сеніп тапсырылған 573 млн теңгеден астам бюджет қаражатын, жеке пайдақорлық ниетпен, банктердегі есеп-шоттарына аударған.
«Құқықсыз жолмен алынған бұл қаражатты ол ақша аударымы түрінде мәмілелер жасау арқылы заңдастырған. Емханаға аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Істі қарау барысында сотталушы 3 миллион теңгені өтеген», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Содан кейін прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні ішінара мойындау, жасаған ісіне өкініш білдіру, кәмелетке толмаған балалардың болуы және келтірілген зиянның ішінара өтелуі танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
«Сотталушы тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу арқылы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушының 10 жыл бойы ақша және материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметпен айналысу құқығы шектелді. Апелляция бірінші сатыдағы соттың үкімімен келісті. Сот үкімі заңды күшіне енді», — делінген берілген ақпаратта.