CaspianLife, 10 қазан. Ақтау қаласының магистральді жылу желілерін қайта жаңарту үшін үкімет тарапынан қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қазақстан Республикасының премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін 5 млрд теңгені Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударуды қарастырады.
«Атап айтқанда, бұл қаражат жергілікті бюджеттен жалпы жұмыстардың 10%-ы көлемінде бірлескен қаржыландыруды ескере отырып, ең көп тозған 11,5 км учаскені қайта жаңартуға бағытталады. Бұған дейін мердігер ұйымның қаражаты есебінен шамамен 11,5 км жылумен жабдықтау желілері тартылған. Жалпы, 2024 жылдан 2026 жылға дейін 44 км магистральді жылу құбырының кезең-кезеңмен ауыстырылуы қажет, олардың тозуы 75%-дан асады. Актау қаласындағы жылумен жабдықтау желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бастап пайдалануға берілгенін атап өткен жөн», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қабылданған шаралар тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету мен жылыту кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік беретіні көрсетілген.
(сурет: Қазақстан Республикасының премьер-министрі сайты)