CaspianLife, 25 қыркүйек. Көлік министрлігі Қазақстан жолдарында автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтау бойынша ауқымды акция өткізіп жатыр.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, акция 9 қыркүйекте басталып, 9 қазанға дейін жалғасады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, көлік құралын басқарудың күнделікті ұзақтығы 9 (тоғыз) сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар, жүргізуші төрт жарым сағат бойы көлік жүргізгеннен кейін кемінде 45 минут үзіліс жасауға міндетті.
Акция басталғаннан бері Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бақылау қызметкерлері 218 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама толтырып, жалпы сомасы 4 млн. теңгеден астам айыппұл салды.
«Акция еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Тахограф бұл жүргізушінің еңбек және демалыс режимін, қозғалыс жылдамдығын, жүріп өткен жолын үздіксіз тіркейтін сандық құрылғы. Бұл құрылғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қалааралық және халықаралық тасымал барысында орын алатын жол көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі жүргізушінің режимді сақтамай, шаршауы немесе рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асыруы болып табылады.
Акция автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ автокөлік құралдары жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтамауын анықтау және алдын алуға бағытталған», — деді комитеттің бас сарапшысы Күнайым Кәмиева.
Жалпы бұл жұмыс тұрақты жүргізіледі. Жыл басынан бері 2 700-ден астам ауыр жүк көлігі мен автобус жүргізушілері еңбек және демалыс режимін бұзған. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, хаттама толтырды. Айыппұлдың жалпы сомасы 48 млн теңгеден асты.
Анықтама үшін:
Тахографтармен жабдықтауға автобустар, жүк көліктері, оның ішінде:
— қауіпті жүктерді автомобильмен тасымалдауды;
— жолаушыларды, багажды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
— жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық тұрақты тасымалдауды;
— жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық, ауданаралық тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын көліктер жатады.
Қағида талаптары сақталмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 572-бабымен тасымалдаушыларға 10 АЕК-тен 50 АЕК (36 920 — 184 600 тг) аралығында, жүргізушілерге 10 АЕК (36 920 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл көзделген.