CaspianLife, 20 қыркүйек. Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, талап қоюшы Д.-ның жауапкер С.-мен арадағы некені бұзу туралы азаматтық ісі қаралған.
Сотпен анықталғандай, тараптар 2008 жылдан бастап заңды некеде тұрған және ортақ некеден үш кәмелетке толмаған балалары бар.
Талап қоюшы талап қоюында жауапкермен мінездері келіспейтіндігін, бірлесіп өмір сүру мүмкін емес екендігін көрсетіп арадағы некені бұзуды сұраған.
Азаматтық істі қарау барысында жауапкердің қазіргі таңда жүкті екендігі, сондай-ақ аталған талап қоюмен келіспейтіндігі анықталған.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодесінің 16-бабының 2-бөлігіне сәйкес зайыбының жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде оның келісімінсіз некені бұзуға болмайды. Осы негізде талап қоюшы Д.-ның талабы қанағаттандырудан бас тартылды,-деп хабарлады Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.