CaspianLife, 20 қыркүйек. Түркіменстаннан кеден бақылау аймағын айналып өтумен әкелінген контрабандалық темекі партиясы Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері тарапынан анықталды.
ҚМА-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, контрабандалық әкелу ісі көлік прокуратурасының координациясымен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің қатысуымен тоқтатылды.
«Ұсталған автокөліктің жүкқоймасында жолқұжаттарда көрсетілген тауарлардың орнына іс жүзінде темекі кораптары болған.
6,5 млн қорап темекінің кедендік құны 1,5 млрд теңгені, төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар 1,8 млрд теңгені құрайды»-делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерек негізінде экономикалық контрабанда бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.