CaspianLife, 2 қыркүйек. Бүгін кешке әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы қаладағы екі орта мектепке бомба қойылғаны туралы хабарламалар тарала бастады.
Осыған байланысты полиция департаментінің баспасөз қызметі Атырау қаласындағы екі мектепке жарылғыш құрылғылардың болуы туралы хабарлама түскеннен кейін дереу анықтау және эвакуациялау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Оқиға орнына тиісті құқық қорғау органдарының қызметкерлері тартылды.
«Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде ғимараттарда ешқандай жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Жалған хабарлама бойынша тергеу жүргізілуде. Кінәлілерді ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қаладағы барлық мектептердің қауіпсіздігі полицияның қатаң бақылауында», — делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру үшін бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.