CaspianLife, 28 тамыз. Қоғамдық орында мас жүрген 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Күн тәртібінде мас күйде жасалатын қылмыс деңгейін төмендету, қайталама құқық бұзышылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелері қаралды.
Жиында жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаев түнгі уақыттағы қылмыстың басым бөлігі мас күйде жасалатынын алға тартты.
— Биыл 106 қылмыс тіркелді. Қылмыстың дені түнде жасалады. Бұған спирттік ішімдіктерді сату уақытына қойылатын талаптың сақталмауы да себеп. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінен айырылса да масаң күйде көлік басқарған 19 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Есепті мерзімде қоғамдық орындар мен көшелерде 2893 адам алкогольді ішімдік ішкені үшін ҚР ӘҚБтК 440 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жұмыс маскүнемдікке шалдыққан адамдарды анықтап, оларды есепке алуға бағытталған, — деді ол.
Е.Биғамбаев ішімдікке құмарлықтың кесірінен туындаған тұрмыстық кикілжіңнің азаймай тұрғанын да айтты. Бұл бойынша сот 459 адамға ерекше талап орнатып, оның 322-сіне алколгольді ішімдік ішуге тыйым салған.
Ал Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаевтың дәйегінде соңғы 7 айда 8 794 литр алкоголь өнімі лицензиясыз сатылғанын жеткізді. Бүгінде арақ-шарапты заңсыз саудалаушылар анықталуда.
Комиссия мүшелері мас күйдегі тәртіпсіздіктің көбі «Вокзал» ықшамауданында тіркелетініне де назар аударды. Осыған орай, комиссия төрағасы Жасұлан Бисембиев бұл маңдағы мейрамханаларды қатаң қадағалауды тапсырды.
Отырыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері де сөз болып, әкімдікке қарасты саланың барлығын «бұлтты бухгалтерияға» өткізу міндеттелді. Мұнда әр қаржылық операция онлайн бақылауға алынады. Бүгінде бұл цифрлық форматқа облыстық білім беру басқармасының бухгалтериясы ғана көшкен.