CaspianLife, 26 тамыз. Өткен жұмада Астраханда «Жұлдызды» спорт кешенінде Ресей мен Қазақстан Республикасы жасөспірімдер құрамаларының «Каспий кубогы» бойынша күрес матчтық кездесуі өтті.
Астрахань облысы губернаторының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарысқа 21 жасқа дейінгі және 24 жасқа дейінгі екі жас санатындағы спортшылар қатысты. Астрахань облысында грек-рим күресі өте танымал: жүзден астам балуан спорт шебері атағына ие, оның ішінде 8-і халықаралық деңгейдегі шеберлер.
«Ресей мен Қазақстан спортшыларын біріктірген турнирді қабылдау біз үшін үлкен құрмет. Жарысты ұйымдастыруға көмектескені үшін Федерация Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкинге және үш дүркін Олимпиада чемпионы, Ресей Батыры Александр Карелинге алғысымды білдіремін», – деді өз құттықтау сөзінде Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Каспий кубогы» қарсаңында Астраханда Олимпиада ойындарының чемпиондары – гандболшы Игорь Лавров, грек-рим күресінің палуандары Мурат Карданов, Александр Карелин және әлем чемпионы Степан Марянянмен бірлескен жаттығулар өтті. Матчтық кездесуге қатысқан балуандар мен жаттықтырушылар құнды тәжірибе жинады, ал көрермендер хрестоматиялық әдістер мен лақтырулардың әртүрлі нұсқаларын тамашалады.
Матчтық кездесуде жалпы 9:2 есебімен жеңіске жеткен Ресей Федерациясының командасы алтын медальға ие болды, ал Қазақстан Республикасының спортшылары күміс медаль алды.
Негізгі жүлде – Каспий кубогын жеңімпаз командаға Астрахань облысының губернаторы, турнирді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Игорь Бабушкин табыс етті. Мұндай шараларды ұйымдастыру – Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Комиссия қызметінің бағыттарының бірі.
(Астрахань облысы губернаторының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)