Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігер-кардиологы Сержан Хасанов өкпе қабынуымен түсіп жатқан науқастар саны аз емес екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
– Науқастар көп жағдайда жедел жәрдемнің көмегімен, кейде өздері келеді. Компьютерлік томографияның және рентген қорытындысына сәйкес ем-дом тағайындалады. Қабылдау бөлімінде науқастың жағдайы ескеріледі. Атап айтқанда, клиникалық көрінісі, температурасы көтерілсе, ентігіп дем жетіспеген жағдайда нормативтерге сәйкес стационарға жатқызу немесе үйіне қайтару туралы шешім қабылданады, – деді ол.
Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта келушілер бұрынғыша ауруханаға емін-еркін кіріп шыға алмайтынын ескертті.
– Науқастардың туыстарына стационарға келмеуге кеңес береміз. Анықтама бюросы бар, ол жерде барлық бөлімшенің телефон нөмірлері көрсетілген. Кез келген сұрақ бойынша хабарласуға болады. Науқастарға үш мезгіл тамағы берілуде, дәрі-дәрмектер жеткілікті. Волонтерлар көмегін тигізіп жатыр. Ауруды асқындырып алмау маңызды, ол үшін емханаға уақытында қаралған абзал. Сондай-ақ, өз еркімен ем жүргізбеген дұрыс. Маңғыстаулықтарды карантин режимін сақтауға шақырамын және дерт айтып келмейді, осыны естен шығармаған абзал, – дейді Сержан Хасанов.