Қызанақ пен қияр өсіру үшін Ақшұқыр селосында жылыжай салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан жылыжай осы жылдың соңында толықтай іске қосылады деген жоспар бар.
Жалпы құны 480 млн. теңге болатын жобаны кәсіпкерлердің өзі қаржыландырып отыр.
Түпқараған ауданындағы 317 шаруа қожалығының 286-сы мал шаруашылығымен айналысса, қалғаны егін саласында еңбек етуде.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жаңа бизнес көзін ашу мен оны дамыту үшін осы күнге дейін Түпқараған ауданы бойынша 110 млн. теңге бөлінген.
– Жарты жыл ішінде кәсіпкерлікпен айналысқысы келген 9 азаматтың өтініші қанағаттандырылып, оларға 40 млн. теңге берілді. Бұдан бөлек, тағы да 7 жоба арнайы комиссияның қарауына жіберіп, қазіргі уақытта жіті тексеріліп жатыр, – дейді Түпқараған аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Дәулет Өтебалиев.