CaspianLife, 9 тамыз. Атырау мұнай өңдеу зауытында экобелсенділердің, мемлекеттік орган, БАҚ және қоғам өкілдерінің қатысуымен Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған ашық есік күні өтті.
Күн тәртібіндегі басты тақырып АМӨЗ-дің табиғатты қорғау бағытында жасаған жұмысының нәтижесі мен болашақта жүзеге асырылатын жобалары туралы болды. Қонақтар алдымен каталитикалық риформинг қондырғысының мұржасындағы автоматтандырылған мониторинг жүйесін (МАЖ) іске қосу барысымен танысты. МАЖ жүйесін енгізу — экологиялық заңнама талаптарының бірі. Экологиялық бақылау құрылғылары мұнай коксын қыздыру мен параксилол өндіру қондырғыларының, сондай-ақ жылу және электр энергиясы өндірісінің түтін мұржаларына да орнатылған.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардың түтін газдарындағы ластаушы заттардың құрамын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандарымен бірлесіп экологиялық көрсеткішті ақпараттық жүйеге жіберу жұмысы реттелуде. Бақылау құралдарын тамыз айының соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұдан кейін шараға қатысушылар механикалық тазарту қондырғыларына барып, ағынды суларды тазарту жұмысымен танысты. Ағымдағы жылдың мамыр айында Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасы аяқталып, кешен толық қуатына шыққан болатын. Қазіргі таңда мұнда сағатына 1 000 текше метр су тазартылады. Мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 000 текше метрге жетті.
Әрі қарай қоғамдық экологиялық кеңес мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Онда «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев компанияның алдағы уақытта да ауқымды экологиялық жобаларды іске асыратынын айтты. Жиынға қатысушыларға зауыттың қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар туралы түсіндірілді. Мәселен, су ресурсын үнемді пайдалану мақсатында АМӨЗ-де ағынды суды тазарту және үстерлеме су дайындау кешенді қондырғысын салу жоспарлап отыр. Жоба іске асырылса, Жайық өзенінен су алу көлемін 50%-ға дейін азайтуға, ағынды суларды қайта пайдаланып, оларды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сұрақ-жауап сессиясы кезінде зауыттан шығатын ағынды суларды Атырау қаласының кәріздік тазарту стансасына жіберу, зауыттың санитарлық-қорғау аймағын кеңейту және т.б мәселелер сөз болды. Отырыс соңында Ғалымжан Жусанбаев компания алдағы уақытта да өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтатын жобаларды іске асыратынын айтып, қаладағы экологиялық мәселелерді шешу жұмыстарының бірлесіп атқарылатындығына сенім білдірді.