CaspianLife, 7 тамыз. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа іскерлік сапары барысында (5-7 тамыз) американдық LanzaJet технологиялық компанияның бас директоры Джимми Самарциспен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отын (SAF) өндіру бойынша стратегиялық серіктестік мәселелерін талқылады.
А.Хасенов АҚШ-қа шақырып, Чикагодағы LanzaTech зертханасының (бас компанияға қарасты биотехнологиялық мекеме) жұмысымен танысуға мүмкіндік бергені үшін компания басшылығына алғыс білдірді. Сонымен қатар ол ҚМГ 2031 жылға қарай көміртегі ізін 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға төмендету бойынша нақты мақсаттар қойып отырғанын және Қазақстанда биоотын нарығын дамыту елдегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта әлем бойынша SAF отынына сұраныстың өсуі байқалып отыр. Біздің компания Қазақстанда тұрақты әрі экологиялық таза SAF отынын өндіру мүмкіндігін қарастыруда», — деді ҚазМұнайГаз басшысы.
Өз кезегінде LanzaJet бас директоры Джимми Самарцис Қазақстанның экологиялық таза авиациялық отын өндіруге қатысты алғашқы қадам жасауының маңызын атап өтіп, бұл бағытта толық технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
LanzaJet – этанолдан SAF отынын алу технологиясын («этанолды авиакеросинге айналдыру» немесе «alcohol-to-jet») әзірлеген және әлемнің ең ірі авиакомпаниялармен ұзақ мерзімді оффтейк келісімдер жасасқан компания. 2024 жылы қаңтарда бұл компания этанолдан SAF шығаратын әлемдегі алғашқы коммерциялық масштабтағы LanzaJet Freedom Pines Fuels зауытын іске қосты.
Сапар нәтижесі бойынша Ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Анықтама:
SAF (Sustainable Aviation Fuel) — бұл дәстүрлі авиакеросинге балама ретінде өндірілген тұрақты авиациялық отын. Ол авиация саласын декарбонизациялаудың перспективалы құралы. SAF-ты өсімдік және басқа да жаңартылатын көздерден алынатын биоэтанолдан (этил спирті) өндіруге болады. Ол дәстүрлі авиакеросинмен салыстырғанда көміртегі шығарындысын 80%-ға азайтады. CORSIA бағдарламасына сай әлем бойынша авиация өнеркәсібі CO2 шығарындысының жалпы көлемін 2019 жылғы деңгеймен шектеуі тиіс. Скандинавия елдері, Израиль, АҚШ және Аустралия 2050 жылға қарай SAF отынын тұтыну көлемін айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. Еуропада 2025 жылдан бастап барлық авиаотынның құрамында 2% SAF болуы қажет, ал 2050 жылға қарай экологиялық авиаотынды пайдалану 63%-ға дейін өсуі тиіс.
Ақпарат «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ ресми сайтынан алынды,