CaspianLife, 31 шілде – Бұл туралы елдегі жол-көлік оқиғаларының ағымдағы жағдайы туралы үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі ІІМ сілтеме жасап хабарлағандай, жыл сайын елде жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алады. Ведомство басшысы жол-көлік оқиғаларының артуына бірнеше факторлар, атап айтқанда, көлік санының өсуі, инфрақұрылымның жағдайы және жүргізушілердің тәртібі әсер етіп отырғанын айтты.
«Ішкі істер министрінің пікірінше, Қазақстанда шұғыл түрде 6 мың шақырымнан астам төрт немесе одан да көп жолақтары бар жолдар салу қажет. Бұл тізімге Атырау – Ақтөбе – Орал, Өскемен – Семей, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Қарағанды – Павлодар және басқа да бағыттар кіреді. Қазіргі екі жолақты жолдар қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды, сондықтан жиі соқтығыстар мен аударылулар болып тұрады.», — делінген үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, министр елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесіне ерекше назар аударды. Жол-көлік оқиғаларының 85%-ы осы жерлерде болады. Өлім жағдайларының төрттен бірі жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарында мұндай жағдайлар жиі болады. Бұл реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандыру мен тротуарлардың болмауынан туындайды.
Ел бойынша шамамен 600 өткелді бағдаршамдармен жабдықтау және 100 мың метрден астам жаяу жүргінші қоршауларын орнату қажет. Сондай-ақ, 15 мың шақырым жарықтандыру мен 60 мың шақырым тротуар қамтамасыз ету қажет.