CaspianLife, 16 шілде — Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінде (ҚМА) ведомство басшысы Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен алқалы отырыста мәлімделді.
ҚМА-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, алқалы отырыста мемлекет басшысының ақша жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚ) туралы заңнаманы жетілдіру және экономикалық құқық бұзушылықтарды әрі қарай декриминализациялау жөніндегі тапсырмаларының орындалу нәтижелері талқыланды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қамтамасыз ету үшін экономикалық қылмыстарды, оның ішінде бюджет несиесін заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану, бухгалтерлік есепке алу туралы заңнаманы бұзу, экономикалық контрабанда және кедендік баждарды төлеуден жалтаруды декриминализациялау арқылы қосымша ынталандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қаржылық мониторинг органдары адал бизнесті қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуға жол бермеуге бағытталған. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру барысында мемлекеттік органдардың бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған 36 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды.
Бюджеттік қаражаттың жұмсалуын мониторингілеу аясында 300 млрд теңгеден астам сомаға 35 мемлекеттік жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) бағалардың артуы анықталды. Агенттіктің бастамасымен олардың құны 45 млрд теңгеге жуық қысқартылды. 19,2 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырудың 111 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.
Азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудан қорғау мақсатында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеу басталды. Алдын алу мақсатында заңсыз контентке 14 мың сілтеме бұғатталып, 100-ден астам заңсыз чаттар мен аккаунттар жойылды.
Жалпы, қылмыстық істер бойынша өтемақы 3,5 есеге (48,3 млрд теңгеден 164,4 млрд теңгеге дейін), оның ішінде «тірі ақшамен» 7 есеге (11 млрд теңгеден 79 млрд теңгеге дейін) артты, бұл жұмыстың тиімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа технологиялар саласында қылмыстық мақсаттарда криптоқұралдарды пайдалану мониторингі бойынша ведомствоаралық кеңес өткізілді. Тәуекелдерге салалық бағалау жүргізіліп, оларды азайту бойынша тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазақстан виртуалды активтер бойынша ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) байланыс тобына енгізілді.
Агенттік төрағасы кадрлық әлеуетті дамыту және қызметкерлерді жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде меритократия қағидатын сақтау маңызды екенін атап өтті.
Қорытындылай келе, Дмитрий Малахов көлеңкелі экономикамен күрес саласында бюджет қаражатын жымқыру, контрабанда, есірткі бизнесін қаржыландыру және ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ адал бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына тартудан қорғауды тапсырды.