CaspianLife, 10 шілде – Ақтаулықтар енді көліктерін қалаған уақытта жуа алмайды. Өйткені көлік жуу орындарының жұмысына уақытша шектеу қойылды. Және тал-теректі де бұрынғыдай кез-келген мезгілде суаруға рұқсат жоқ. Ақтау билігі орталық сумен жабдықтау тораптарындағы ауыз су деңгейін тұрақтандыру мақсатында осындай қадамға баруға мәжбүр боп отыр. Себебі тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп тұрған «МАЭК» кәсіпорны теңіз суының температурасы күрт ысып кеткендіктен, суды тұтынушыларға жеткізіп үлгермей жатқан көрінеді.
«МАЭК» ЖШС Пайдалану департаменті директорының орынбасары Владимир ВАСИЛЬЕВ:
«Қазіргі таңда сыртқы ауа мен теңіз суы температурасының жоғарылауы, сондай-ақ ауыз суды тұтыну көлемінің өсуі байқалады. Орталық сумен жабдықтау тораптарының (ОСЖТ) резервуарларындағы ауыз су деңгейін тұрақтандыру қажет. Осыған байланысты, автокөлік жуу орындарының иелерінен жұмыс уақытын шектеуді, жасыл желектерді суару көлемін азайтуды және аталған жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Сонымен қатар, бұл уақытша және мәжбүрлі екендігін ескертеміз».
Ақтауда ауыз суға қатысты проблема қысы-жазы бар. Әсіресе жағдай жазда ушыға түседі. Күні кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі ауыз су тапшылығын жою бойынша жиын өткізіп, мәселені шешу жолы қаралды. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір облыстағы су тапшылығы — шамамен 40 мың текше метр. Соның ішінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың текше метр ауыз су жетпейді. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін аймақта қуаты тәулігіне 147 500 текше метр болатын су тұшытатын 10 зауыт пен қондырғының құрылысы жүргізіліп, 1 магистралдық су құбыры жаңартылып, кеңейтіліпжатыр. Осылайша қыркүйекке дейін Маңғыстау жұртына тәулігіне орташа есеппен 206 300 текше метр ауыз су беріледі деген жоспар бар. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай халықты ауыз сумен қамтып отырған мекеме басшыларына маңызды жобаларды дер кезінде жүзеге асыру керектігін шегелеп тапсырды.