CaspianLife, 28 маусым — Қаланың сол жағалауындағы кәріз тазарту құрылғысы тәулігіне 70 мың текше метрге дейін ағынды суларды тазартуға қабілетті.
Өңірлің коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, құрылғы тәулігіне 15 мың текше метр кәріз суын қабылдайды. Екінші жыл қатарынан жергілікті биотоғанға қоқиқаздар ұшып келді. Сарапшылардың пікірінше, бұл аймақтағы экологиялық жағдайдың жақсарғанын көрсетеді.
Айта кетейік, үш ай бұрын келген қоқиқаздар қыркүйектің соңы мен қазан айының басында балапандарымен бірге жылы жақққа қарай ұшады.
Жайық өзенінің сол жағалауындағы кәріз тазарту құрылғысы ғимаратына кәріз жүйесі, ағынды суларды тазарту қондырғылары, биологиялық тоғандар мен булану алаңдары, сондай-ақ тазартылған және өңделмеген ағынды суларды тазарту жүйесі кіреді. Бұл нысан қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
— Қаланың сол жағалауындағы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сарқынды сулары №33, 10, 14, 17 кәріз сорғы станциялары арқылы бас кәріз сорғы станциясына келіп құяды. Құйылған су диаметрі 800 мм болатын екі коллектор арқылы сол жағалаудағы кәріз тазарту құрылысының қабылдау камерасына жіберіледі. Одан әрі механикалық тазалаудан өтіп, биологиялық тазартуға кетеді, — деді Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі кәріздік-тазарту нысанының бас технологы Б.Ахметұлы.
Оның айтуынша, осы процестерден кейін ағынды сулар ультракүлгін лампалары арқылы зарарсыздандырылады. Тазартылған техникалық су сорғы станциясы арқылы 800 метр қашықтықта орналасқан биотоғанға, содан кейін булану алаңдарына жіберіледі. Бұл жұмыстарды «Атырау облысы Су арнасы» КМК жүргізеді.