CaspianLife, 7 маусым —Биыл қыркүйекте елімізде адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу басталады. Вакцина қыздарға 11 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен салынуы тиіс. Қазір осыған қатысты әр өңірде жұмысшы топ құрылып, халықты ақпараттандыру, түсіндіру жұмысына кірісіп кетті. Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры әрі топ жетекшісі Эльмира Сапарованың айтуынша, мақсат — жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу. Өйткені аурудың бас көтеруіне ағзадағы дәл осы папиллома вирусы себепші болатын көрінеді. Қазір әйелдер арасында жатыр мойны қатерлі ісігі бірінші орында тұр және көп жағдайда кеш анықталып жатады. Ал мұндай кезде дәрігерлерден қайран болмай қалып жатады, — дейді онколог.
Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Эльмира Сапарова:
«Осыдан 10 жыл бұрын біздің өңіріміз пилоттық режимде бұл вакцинаны жасаған болатын. Сол кезде біз 2600 қыз балаға екпе салдық. Сол 10 жылдан кейін эксперименттік жұмыс жүргізіп, вакцина алған 50 қыз бен вакцина алмаған 50 қызды тексерістен өткізіп, біздің көз жеткізгеніміз – екпе алған қыздарымыздың ағзасында адам ағзасының папилломасы 0,1 пайызда ғана анықталды. Ал 50 қызымыздың арасында 72 пайызында осы вирус анықталды. Бұл дегенеміз – бұл екпенің оң нәтиже беретіндігіне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан біз ата-аналардан осы мағлұматты тыңдап, сұрақтар болса біз жауап беруге дайынбыз, екпе міндетті түрде ата-ананың рұқсатымен ғана жүргізіледі.»
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, оның 600-і өлімге әкеледі.
Ғалымдардың зерттеуінше, АПВ әлемдегі барлық қатерлі ісіктің шамамен 5 пайызын тудырады. Оның ішінде ең көп таралғаны – жатыр мойны обыры.