CaspianLife, 6 маусым — Оқиға бүгін таңертең болған. Төтенже жағдайлар қызметіне Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің терезесінен түтін шығып жатқаны туралы шақырту түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 6 қабатты тұғын үйдің 6 қабатында орналасқан пәтерді түтін басқанын анықтады.
Құтқарушылар пәтер есігі құлыптаулы болғандықтан, автосаты арқылы бөлмеге терезеден кірген. Пәтерде кішкентай баланың бар екенін анықтады.
ТЖД хабарлауынша, өрт сөндірушілердің бірі 8 айлық сәбиді түтіннен қорғау үшін қалың көрпеге орап, пәтерден алып шыққан. «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері баланы тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарушылардың жедел іс әрекетінің нәтижесінде жанудың өртке ұласуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ.