CaspianLife, 27 мамыр — Утильалымға қатысты петиция Үкімет деңгейінде қаралмақ. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев хабарлады. Министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, E-Petition.kz сайтында утильалымға қарсы дауыс берген тұрғындардың саны 50 мыңнан асқан.
Сондықтан, заңға сәйкес Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі тарап — мемлекеттік орган мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған арнайы жұмыс комиссиясын құрып, петицияда көрсетілген мәселені қарауы тиіс. Утильалымға қарсы петиция сайтта мамыр айының 10-нда жарияланған еді.
Заң бойынша жауапты ведомство петицияны қол жинау басталғаннан 40 күн ішінде қарайды. Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалым жойылмайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, бұл мәселені көліктерді алып сататындар өз пайдасы үшін көтеріп жүр. Және утильалымды алып тасталса, мыңдаған адам жұмыссыз қалады дейді министр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев:
Петицияға қанша адам қол қойса, сонша адам еліміздегі көлік өндірісінде жұмыс жасап жүр. Демек, адамдардың бір тобы талап етіп отырған нәрсе екінші бір топты жұмыссыз қалдырады деген сөз. Мұндай жағдайда сіздер ұсынғандай бірден алып тастамай, шешімді саралап барып, қабылдау қажет. Иа, петицияны қарастырамыз. Бірақ оны заң бойынша іске асыруымыз шарт. Қазір утильалымға қарсы петицияға қол қойылып жатыр. Петиция аяқталғаннан кейін оны Үкімет деңгейінде қараймыз. Заң бойынша процедура осылай.