CaspianLife, 29 сәуір — Бағалаушы компанияның атқарушы директоры Алмат Байдаулетовтің айтуынша, бағалау қазіргі уақытта судан құрғатылып, кепкен үйлерге жүргізіліп жатыр.
«Суда тұрған үйді бағалау қиын. Себебі, ондай үйлерде тасқынның зардабы толық көрінбеуі мүмкін» деді Алмат Байдаулетов.
Бағалау жұмыстары тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға жолдаған өтінімі негізінде жүзеге асып жатыр.
«Бізге атқарушы органдар өтінімдер тізімін береді. Осылайша, үй иесі, полиция қызметкері және бағалаушы компания өкілдері бірлесіп, үйге бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Нысан суретке түсіріледі. Егер үйдің құжаттары болса, үй техникалық паспорт арқылы тексеріледі. Үйдің құжаты болмаған жағдайда, үйдің аумағы қайта сызылады.. Үйге техникалық бағалау жүргізген компания, үйдің жөндеуге келетінін не келмейтіні туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін біз үйді жөндеу, қалпына келтіру немесе қайтадан салуға байланысты қаржы көлемін анықтап шығарамыз» деді Бағалаушы компанияның атқарушы директоры Алмат Байдаулетов.
Еске сала кетелік, Жылыой ауданында 2920 үй және 19 көп пәтерлі тұрғын үй тасқыннан зардап шеккен болатын.