CaspianLife, 22 сәуір — Биыл Атырау қаласының әкімдігі маса улау үшін 89 миллион теңгеден астам қаржы қарастырып отыр.
Әдетте наурыздың соңы — сәуірдің басында басталып кететін бұл жұмыс биыл әлі қолға алынған жоқ. Қашан басталары да белгісіз. Ал қансорғыштар қалалықтардың мазасын алуға кірісіп кетті. Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз қызметі мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурсқа қатысқан компаниялардың өтпей қалғанын айтты. Өйткені құжаттары дұрыс болмапты. Және әкімдік қойған талапқа сәйкес келмеген. Сол себепті тендер қайта жарияланбақ. Дезинсекция кезінде сертификатталған препараттар пайдаланылып, бұл жұмыс қара күзге дейін жалғасуы қажет.