CaspianLife, 19 сәуір. Мен — Амангелді Әбілхасов, қазір Атырау қаласына қарасты Алмалы ауылының тұрғыны, зейнет жасындамын. Кезінде осы ауылдағы совхозда жүк көлігін жүргізіп, Махамбет ауданының, облыстың біраз жерін шарладым.
Айтпағым, бүгінде «Атырау-Орал» тас жолының 23-ші шақырымындағы «Ерік» өзені атауы. Ал, оның тарихи атауы басқаша болатын. Жергілікті көзкөрген қариялар бұл маңды Кеңсуат атайтын. Өйткені, шұрайлы өзек өткен ғасырдың бас кезінен қазақтар Үйшік, орыстар Гурьев (Атырау) қаласына аттылы-жаяулы адамдар байдың кіресін, кейіннен колхоздың жүгін тасымалдаған ат, өгіз, түйе жеккен көліктер тоқтап, жолаушылар тыныстап, шай-суларын ішіп, ат-көліктерін суаратын мол сулы жер болған екен. Ол кездерде Жайық өзені жылда тасып, жайылымға шығып, Шодыр көлді толтырып, әрі асып Талды көлге құйған екен. Сонда сол екі көлдің арасын жалғап жатқан өзек болыпты, ал қазіргі көпір тұрған жерге су кең жайылып жатады екен. Сондықтан сол жер «Кеңсуат» аталған көрінеді. Жас күнімізде біз де осы маңды Кеңсуат атап, көпірден көлікпен әрлі-берлі талай өттік қой.
Алыс жолдан келе жатқанда сол көпірдің астындағы көлеңкеде көлік суытып, талай дамылдағанбыз. Енді, Кеңсуаттағы сол көпірдің қашан және қалай «Ерик» болып кеткенін білмеймін. «Ерик болса Ерик болсын» — жүре бердік қой, шыны керек. Бірақ біз ол жерді әлі күнге шейін Кеңсуат деп келеміз, өйткені әлімсақтан бері солай атайтын еді ғой. Оны білетін қариялар да азайып барамыз. Махамбет ауданында 4-5 көнекөз ғана қалдық.
Біздің базынамыз «Ерік» атауының бұл жерге сай келмейтіні. Себебі, оның «Кеңсуат» төл атауын қайтарған дұрыс деп есептейміз. Өзіміздің кем-кетігімізді өзіміз түземесек, кім түзейді?..
Амангелді Әбілхасов,