CaspianLife, 1 сәуір — Таң атысымен Ойыл өзенінің деңгейі аз да болса түсті. Ағыс та бәсеңдеді. Дегенмен, құтқарушылар мен еріктілер бөгет басында әлі де жұмыс жасап жатыр. Олар түні бойы көз ілмей аудандағы жалпы ұзындығы 43,7 шақырым болатын бөгеттерді биіктетіп, осал тұстарды бекітті. Бүгін түнде 4000-ға тарта ерікті тасқынмен күресті. Оларға облыстық төтенше жағлайлар департаментінен 60 құтқарушы, Сағыз ауылынан 30 ерікті, вахталық әдіспен қызмет атқаратын 40 қызметкер көмекке келді.
Бүгінгі түн Қызылқоға халқы, әсіресе миялылықтар үшін қауіпке толы болды. Екпінмен келген тасқын су ауылды түгел қоршап тастады. Жергілікті билік пен халықтың, құтқарушылардың жанталасып, бірлесе атқарған жұмысының арқасында ахуал тұрақтанды. Судың деңгейі түсіп, қауіп беті бірте-бірте қайтқандай. Дегенмен мамандар енді Тайсойған ауылына қауіп төніп тұрғанын айтады. Ол жақта 1000-ға жуық халық бар. Жұрт ұзындығы 2 шақырым болатын бөгет тұрғызып, 1600 қапшыққа құм толтырыпты. Қолда 7 техника бар. Мұндағы жұмыстың басы-қасында 40 шақты ерікті жүр.
Кеше кешкілік ауданда төтенше жағдай жарияланып, 600-ден астам адам 3 эвакуациялық пунктке орталастырылды. Көпшілігі әйел, бала-шаға. Ал ер адамдар 40 мыңға жуық қапшыққа құм толтырып, бөгеттерді бекітті. Түнгі мезгілде кезекшілік ұйымдастырып, суды бақылауда ұстады.
Қарабау-Миялы тас жолының 5 км, Сағыз — Миялы тас жолының 3 шақырымы су астында қалды. Әзірге Ойыл бойындағы ауылдар арасында қатынас жоқ.. Жалпы соңғы ақпарат бойынша Қызылқоға ауданының орталығы — Миялыда әртүрлі мекеменің 275 қызметкері, 50-ге жуық полицей, 110 құтқарушы, 3 мыңнан астам ерікті жүр. Олар 65 техниканы пайдалануда. Аудан бойынша құм толтырылған 48 000 қап дайындалған. Ұзындығы 26 шақырым 350 метр, биіктігі 2 метр дамбы соғылған. 2000 қой-ешкі, 400 бас мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе де қауіпсіз жерге шығарылыпты.