CaspianLife, 29 наурыз — Әлеуметтік желілерде бізбен шекаралас орналасқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында су деңгейі қатты көтеріліп кеткені тарап жатыр. Атырау да қауіпті аймақта тұр екен.
Бұл туралы Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Руслан Шариев айтты. Оның сөзінше, «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес өңіріміз 5 тәулік бойынша «қып-қызыл» болып жанып тұрмыз. Яғни, экстремалды қауіпті аймақтамыз.
Қызылқоғадағы Ойыл өзені бөгетсіз өтіп кетсін деген мақсатпен жергілікті атқарушы органдар айналма жолды екі тәулікке жырып алып тастаған. Қосымша күш пен құралдар Қызылқоға елді мекеніне жіберіліп, халық ары-бері қатынау үшін маторлы қайық дайындап қойыпты.
«Атырауда соңғы үш тәулікте жауын-шашынның көп түсуіне және сор жерге су сіңбеуіне байланысты жаңбыр суы көп мөлшерде жиналуда. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімдігі ғимаратында арнайы штаб құрылды. Спецавтобаза мәліметіе сәйкес, қазір қалада 70-тей вакум жұмыс істеуде. Одан бөлек ерікті түрде көмектесіп жатқандар да бар. Полиция қызметкерлеріне облыс бойынша барлық вакум құрылғысы бар адамдарды тауып, олармен қажетті келісімшартты жасасып, 2-3 тәулік ішінде су сору жұмыстарын аяқтау туралы нақты тапсырма берілді», — дейді Руслан Шариев.