CaspianLife, 28 наурыз — Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен су басу қаупі төніп тұрған елдімекендердің көктемгі тасқынға дайындығы мәселесі қаралды. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев биыл Жайық деңгейі нормадан 50-270 см аралығында көтерілуі мүмкін деген болжам айтты.
Сонымен қатар, Ойыл және Жем өзендеріндерінің бассейндерінде топырақтың күзгі ылғалдылық көрсеткіштері орта көпжылдық мәннен 61-161%-ға жоғары болуынан, Ақтөбе облысында жауын-шашын мөлшері көп түсуінен су көп келуі болжанды. Жалпы өңірде тасқын және еріген су басуға бейім 51 елді мекен бар. Бүгінде 15 елді мекенде қауіп сейілді. Жылыой ауданы бойынша – үшеу, Құрманғазы ауданында – 12. 12-сінің қорғаныс бөгеттеріне 2021-2025 жылдары аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. Қалғаны «су тасу маусымын қауіпсіз өткізу және дайындық бойынша инженерлік жоспарына» енгізілді, -деді Атырау облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев.
Серік Шәпкенов аймақтағы жолдардың астында орналасқан су өткізетін 396 құбырдың бойын топырақтан толығымен тазалауды тапсырды. Сонымен қатар су басу қаупі бар елді мекендердегі халық арасында түсінік жұмысын жүргізу керек деді.
Жиын соңында Серік Шәпкенов жағдайды бақылауда ұстауды күшейту қажеттігін, сондай-ақ қосымша техника дайындауды, қажетті құрал-жабдық қорын әзірлеуді тапсырды.