CaspianLife, 13 ақпан — Атырауда №42 мектептің оқушысы ақша талап етіп, қатарласын соққыға жыққан. Бет-аузы қанжоса болған ұлын көрген Нұргүл Жұбатырова бірден мектепке келген. Баласының мұрнынан саулаған қан еденде сол күйі жатыпты. Бейнекамерадағы жазбада алаңсыз отырған жеткіншекті өзге оқушының әуелі жұдырықпен бетінен ұрғаны, сәлден соң бетінен тепкегі анық көрінеді. Келіншектің сөзінше, мұндай жағдай бұрын да болған. Ол баласының өзге мектептен ауысып келгелі бері теперіш көріп жүргенін айтады.
«Мектепте балалар 500 теңгеден, 1000 теңгеден сұрайды. Бермесең ұрады ,- дейді. Күнде таяқ жеп келеді екен. Қолдарының бәрінде көгерген бар. Баламды шешіндіріп, дәлелдеп көрсете аламын. Мектеп басын алып қашып отыр. Қанша келіп ескерттім, директорына, апайына да айттым» -дейді жәбірленушінің анасы.
Нұргүл Жұбатырова бұған дейін де мектепте баласын оқушылардың дәретханада ұрып, ақша талап еткенін ескертіпті. Онда ұрған баланың ата-анасы кешірім сұрап, жылы жапқанмын,- дейді. Соңғы кезде ұлының сабағы нашарлап, мінезі өзгере бастаған.
Ал сынып жетекшісі де, директор да мектепте ешқандай әлімжеттік те, ақша сұрап бопсалау да жоқ,- деп азар да безер.
Жеткіншекті тепкілегендер де 7-сыныпта оқиды. Олардың ата-анасы мен өздерінен түсінік алынып жатыр. Жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ал әлеуметтік желі қолданушылары мектеп ішінде осындай жағдайға жол берген директор мен сынып жетекшісін жауапқа тарту керек екендігін айтуда.