CaspianLife, 29 қаңтар — Х.Досмұхамедов университетінің 81 студенті ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуға аттанды. Бұл аталған оқу орыны үшін жақсы көрсеткіш. Білім алушылар еліміздегі 17 жоғары оқу орынын таңдаған.
Биыл аталған бағдарламаға қатысуға 100-ден астам білім алушы өтініш берген. Университеттің тіркеу офисі үміткерлердің жинақталған құжаттарын мұқият тексеріп, талапқа сай келгендерін іріктеп, оқу орнының басшысы бұйрық шығарған.
Университеттің көптілді білім беру факультетінен 38 студент академиялық ұтқырлықпен білім алуға мүмкіндік алған. Олардың қатарында «шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығынан 17 «аударма ісі және аударматанудан» 10, «қазақ тілі мен әдебиетінен» 7 студент бар. Ал, экономика және құқық факультетінен 20, гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінен 12, жаратылыстану ғылымдары факультетінен 7, инновациялық білім беру – 3, физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінен 1 студент оқуға барады.
Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алушылардың қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ-ға 15, Алматы технологиялық университетіне 10 студент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 7, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 5 студент оқуға барды. Ал, қалғандары еліміздің әр аймағындағы оқу орындарында көктемгі семестрдің оқуын жалғастырады.
Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов унверситетіне еліміздің әр аймағындағы жоғары оқу орындарында білім алатын 8 студент ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуға келді. Бүгінде атыраулық оқу орны студент алмастырып оқытуды іске асыру үшін 30-ға жуық қазақстандық университетпен келсім-шарт жасасқан.