CaspianLife, 18 қаңтар — Бұл туралы мәлімет министрліктің ресми сайтында жарияланды. Ол бойынша өздеріне бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрса да жаяу жүргіншілер көліктерге жол беруі керек еді. Министрлік жобаны былтыр 30 қарашада «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына жүктеп, талқыға салуға шығарған болатын. Алайда, бұған қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді. Олар әсіресе, мұның балалар мен жасы келген адамдарға қауіпті және жол-көлік оқиғасы көбеюі мүмкін екендігін алға тартып, жаңа ережеге қарсылық білдірді.
«Бүгінде көлік жүргізушілерінің кейбірі бағдаршамның қызыл түсі жана бастағанда да қозғалысты жалғастыра береді. Егер, жаңа ереже күшіне енсе, жаяу жүргіншілерге қиын болар еді. Олар бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жақындап қалған бір емес, бірнеше көлікті жіберемін деп, уақытын өткізіп алуы мүмкін. Себебі, көлік жүргізушілері оларға қарамайды да, тезірек өтіп кетуге тырысады. Оның үстіне тұрғындар жаңа өзгеріске дайын болмағандықтан, жол-көлік оқиғасының да көбеюі ғажап емес. Зардап шегетін жандардың саны артады», -дейді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Министрлік бұл өзгерістің тек қиылысқа кеп тоқтап қалуға мәжбүр болатын көлік жүргізушілеріне қатысты болғандығын айтады. Біздің мұндай өзгеріс енгізгіміз келгендегі ойымыз — жол-көлік апатынан зардап шегетін адам санын азайтуға ықпал ету еді, — дейді полицейлер. Мысалы былтыр бірнеше айдың ішінде 550-ден астам қазақстандық көлік астына түсіп қаза тапқан.