CaspianLife, 9 қаңтар — Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру үшін бюджеттен қаражат бөлінбейді. Үкіметтің шешімімен халық күнделікті тұтынатын 19 тауар кезең-кезеңмен бұл тізімнен алынып тасталынатын болады. Атап айтсақ, 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп және жұмыртқа секілді 9 тауардың бағасын сатушылар өздері бекітеді. Ал, келер жылдың екінші жартысында қалған 10 тауар да бұл тізімнен шығарылады.
Бірақ, бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын жаппай қымбаттатуға болады дегенді білдірмейді. Заңға сәйкес тауар бағасына қосылатын үстемақының 15 пайыздан асып кетпеуін бақылап отырамыз дейді әкімдіктегілер.
Ризабек Мұсағалиев, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
-Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіпкер алынған тауарға 15 пайыздан артық қоспауы керек. Егер қосқаны анықталса, Сауда және тұтынушыларды қорғау департаменті бар, сол өкілдерімен тиісті әкімшілік хаттама толтыратын болады. Ол үшін бізде «Делдалдық схемаларды реттеу» деген арнайы комиссия бар. Комиссия құрамында біздің әкімдіктің мүшелері, экономикалық тергеу департаменті, сауда департаменті, бәскелестікті қорғау департаментінің өкілдері, қоғамдық кеңес өкілдері бар.
Ал, әлеуметтік жағынан осал санатына жататын тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамту үшін пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. Ол осы жылдың маусымына дейін іске қосылуы тиіс. Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері де енді бағаны тұрақтандырумен айналыспайды. Бүгінгі күнге дейін бұл үшін мекемеге айналым схемасы аясында 3,5 млрд теңге бөлінген еді.