CaspianLife, 27 желтоқсан — ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Kcell, Tele2/ Altel және Beeline ұялы байланыс операторының тарифтің бағасын айтарлықтай көтергенін мәлімдеді. Агенттік абоненттердің бағаға қатысты өтініш-шағымдарын қарап, ұялы байланыс операторларының биыл тарифті 7,7% — дан 57,3% — ға дейін өсіргенін анықтапты. Аталған компаниялар әсіресе мамыр-шілде айлары аралығында ай сайынғы абоненттік төлем мен 30-дан астам тарифтің құнын бірінен соң бірі қымбаттатқан. Бұдан басқа агенттік қызметкерлері операторлардың кәсіпкерлік туралы кодекстің 170-бабын бұзғанын да айтып отыр. Яғни, компаниялар тарифтік жоспардағы бір смс пен бір минуттық қоңырау құнын белгілеуге қатысты да ойларына келгенін жасаған. Негізі бұл жерде аталған қызмет бір бірлік ретінде тарифтелуі тиіс. Мұның бәрін қағазға түсірген агенттік операторларға бағаны негізді түрде төмендету қажеттігі туралы хабарлама жіберді. Егер талап көрсетілген мерзім ішінде орындалмаса, «Кселл», Tele2/Altel және Beeline ұялы байланыс операторларына қатысты тергеп-тексеру басталмақ.