CaspianLife, 9 желтоқсан — «АТЫРАУДА ЖАСАЛҒАН» атауымен қаламызда 70-тен аса тауар өндірушінің қатысуымен көрме-жәрмеңке өтті.
Халықаралық стандартқа сай өндірілген құрылыс материалдары, ауылшаруашылығы және кондитерлік өнімдер, жергілікті қолөнершілер мен суретшілердің де туындылары көрме-жәрмеңкеге қойылды. Сонымен қатар, жергілікті дизайнерлердің ұлттық нақышта тігілген киімдерінен сән үлгілерінің көрсетілімі өтті.
70-тен астам тауар өндірушінің көрмесіне қала әкімі жеке тоқталып, әкімдік тарапынан да шағын кәсіпкерлікті дамытуға атсалысатынын атап өтті.
— Бүгінгі шараға уақыттарын бөліп, атсалысып жатырған барша кәсіпкерлерге облыс әкімі Серік Жамбылұлының және өзімнің атымнан үлкен алғыс білдіреміз! Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы іс-шаралар барлық өңірде атқарылып жатыр. Міне, бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында «Атырауда жасалған» атты көрме-жәрмеңкемізге 70-тен аса кәсіпкер өз өнімдерін әкеліп, бізді қуантуда. Әкімдік тарапынан қолдау көрсетіп, өнімдеріміз тек қана Қазақстанда емес, шет елдерге де шығуына мүмкіндіктер туады деген сенімдеміз. Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін, — деді қала әкімі Шәкір Кейкин.
Жиын соңында қала әкімі 73 кәсіпкерді аталған көрме-жәрмеңкеге қатысып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.