CaspianLife, 13 желтоқсан — Атырау облысында кешенді күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды.
Аталған нысанның батыс аймағы үшін маңызы өте зор. Себебі, Еділ өзенінен тартылған құбыр Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарын, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарын тіршілік нәрімен қамтып отыр. Ал, халықтың су тұтыну мөлшері жылдан-жылға артып келеді.
Жоба аясында «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырының екі учаскесі жаңғыртылды. Нәтижесінде, оның су өткізу мүмкіндігі тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мыңға дейін артты. Жобаны қаржыландырған «Қазмұнайгаз» компаниясы бұдан өзге тағы 3 жобаны жүзеге асырмақ.
«Осыдан 1 ай бұрын Кендірліде орналасатын су тұшыту зауытының құрылысы да басталды. Оның жалпы қуаттылығы тәулігіне 50 мың. Яғни, біз қазіргі таңда мұнай-газ компаниясы болсақ та, еліміздің халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында осындай ірі жобаларды іске асырып келе жатырмыз», -деді «ҚМГ» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы сәуірде «Астрахань-Маңғыстау» су құбырын жаңартуды тапсырған еді. Президент облыс тұрғындарының бір бөлігі және өңірдегі бірқатар ірі мұнай өндіруші компания осы магистраль суын тұтынып отырғанын айтқан.