Атырау облысында жұмыртқа бағасы бір жылда 8,5 пайызға қымбаттаған. Яғни бұрын 10 дана жұмыртқа орташа есеппен 507 теңге тұрса, қазір шамамен 550-600 теңге.
Енді баға өсіміне не әсер етіп отырғанына тоқталсақ. Біріншіден бізге жұмыртқа Қостанай, Павлодар облыстарынан, Орал, Ақтөбе қаласынан және Ресейден әкелінеді. Яғни оларда тауар бағасы өссе, бізде де көп ұзамай көтерілетіні сөзсіз.
Ризабек МҰСАҒАЛИЕВ, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп баскармасының бөлім басшысы
— Бұл жерде басқа өңірден алатынымыз белгілі. Сол өңірдің өндірушілері де логистика шығындары бар, жанар-жағармайдың шығыны бар, сосын жем-шөп бар құсқа беретін бұлардың бағасының өсуі өндірушілердің өз өнімдерінің бағаларын көтеруге әкеліп соғып отыр. Сондықтан бүкіл Қазақстан бойынша баға өсуіне әкеліп отыр.
Бұл – бір. Екіншіден жергілікті «Алмалы құс» фермасы қажеттілікті 100 пайыз жаба алмады. Жұмыртқамен тек 25-30 пайызға қамтып отырды. Қазір оның активтерін өзге компания сатып алып, айына 900 мың дана жұмыртқа шығарамыз деп отыр. Бірақ жаңа кәсіпкер толық іске кіріскенше өзгелердің аузына қарап отыратынымыз анық. Баға өсіміне тағы бір себеп — делдалдардың үстемені белгіленген мөлшерден артық қосуы.
Әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерімен келісім жасасқан. Яғни олар осы келісім аясында тауарға тек 10-15 пайыз қосып сата алады. Оның ішінде жұмыртқаға да. Бірақ өзге өңірлерден бұл өнімнің онсыз да қымбат келетінін ескерсек, мұның қаншалықты тиімді екенін айту қиын.
Жақында Сауда және интеграция министрлігі, Құс өсірушілер одағы мен Қазақстан жұмыртқа өндірушілері қауымдастығы бірлесіп меморандумға қол қойды. Бұл келісім маусымдық қымбаттау кезеңінде С1 санатындағы жұмыртқа бағасын төмендетуге мүмкіндік береді делінген.
Сондай-ақ одақ пен қауымдастық өкілдері отандық құс фабрикаларымен бірлесіп, мереке қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл боламыз деп отыр.
Жарқынай Қанатова