CaspianLife, 6 желтоқсан — Полицейлер Атырауда киберволонтерлар дайындауға кірісті. Өйткені технология дамыған сайын соның көмегімен жасалатын қылмыс саны да артып барады. Ал интернет ресурстардағы ақпаратқа мониторинг жүргізіп, бақылап отыру – тәртіп сақшыларына және арнайы орын қызметкерлеріне оңайға соқпай тұр. Сондықтан киберқылмысқа қарсы күресте АЙТИ немесе ақпараттық технологиядан хабары бар белсенді тұрғындардың көмегі зор болмақ. Жуықта қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың бірі студенттер үшін «Киберволонтерларды дайындау» тақырыбында семинар өткізіп, оған Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан арнайы маман шақырды. Онда нашақорлық, оның қауіптілігі, салдары, тіпті жасырылған есірткінінің иісшіл иттің көмегімен қалай табуға болатындығы туралы айтылды.
«Киберволонтер ең алдымен есірткіге қатысты жалпы құқық бұзушылық әрекеттерге баратын сайттарды анықтайтын адам. Оны анықтайтын мониторинг бар, зерделейтін топтар бар сонымен айналысады. Енді Атырауға алғаш рет келейін деп тұр. Бұған дейін жәй еріктілер болды. Олар алдағы уақытта қалыптасып, өз деңгейіне көтеріледі деп ойлаймын. Қазір бізге ұсыныс жасалды. Киберволонтерлар тобы қалыптасты делік. Олар өз жұмыс деңгейлерін көрсеткеннен кейін Қарағанды академиясына барып, түпкілікті білімін жетілдіре алатын мүмкіндік бар», -деді «Жаңа уақыт» ҚҚ жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева.
Атыраулық полицейлер жыл басынан бері есірткі саудалайтын 100-ден аса сайтты анықтап, бұғаттаған. Ал, есірткі саудалаған 60-қа жуық адамның үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Оның ішінде екеуі жасөспірім.