Еріктілер Атыраудағы 534 кәсіпкерлік нысанда болып, ондағы көрнекі ақпараттың жазылу заңдылығын тексеріп, заңға сәйкес келмейтін 1 мыңға жуық фото фактіні тіркеді. Жұмыс тобының айтуынша, кәсіпкерлер атауларды, заттардың этикеткасындағы ақпаратты қазақ тілінде жазуға құлықсыз. Ал жазылғанын сауатты деп айту қиын. Бұл жұмыс «Көрнекі ақпарат – тілге жауапкершілік» жобасы аясында іске асты.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараты заң талабына сай бизнес субъектілердің қатарын көбейтуді мақсат еткен жобаны ұйымдастырушылар – «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы. Ал жоба жүзеге асыруға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері көмектесті. Олар кәсіпкерлерге заң талабы жазылған жадынама таратып, атау және өзге де ақпараттың қазақша жазылу тәртібін түсіндірді. 20-ға жуық кәсіпкер ескертуге құлақ асып, қателігін түзеткен..
Жоба аясында «Көрнекілік» телеграм боты ашылып, жіберілген қателіктер туралы ақпарат жинақталған. Және кәсіпкерлерге заңды түсіндіріп, мәтінді аударуға, әдістемелік көмек беру мақсатында бірқатар жұмыс істелген.