Маңғыстау облысында қызылша ауруы өршіп тұр. Ауырғандар саны 1000-нан асып кеткен. Дені 18 жасқа дейінгілер. 90-ға жуық сәби облыстық балалар ауруханасында ем алуда. Кейбір ата-аналар сыймай дәлізде жатқанын айтады.
Ғалия ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ата-ана
— Бүгін түнде коридорда 8 ана болып жаттық. Коридор салқын болды. Ингаляторды біз үйден алып келдік. Балдарымызды курткамен ұйықтаттық. Уайыммен ұйықтадық. Екі палата босап, содан бізді палаталарға ауыстырды.
Дәрігерлер балалардың көбі қызылша, бронхиолит және пневмониямен жатыр дейді. Ал орын жетіспеушілігі түнгі мезгілде қызылша жұқтыруы мүмкін деген күдікпен түскен бала санының күрт көбеюімен байланысты екен.
Ал аурухана басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасындағылар мәселені уақытша болса да шешу мақсатында бөлімшедегі төсек санын 60-тан 80-ге көбейткен. Маңғыстау облысында биыл қызылша ауруын жұқтыруы мүмкін деген 2 мыңнан аса адам тіркеуге алыныпты. Оның ішінде 1096 жағдай дәлелденген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев мәлім етті.