Атырау облысында мыңға жуық кәсіпорын болса, оның 109-ында ғана ұжымдық шарт жасалған. Бұл өте төмен көрсеткіш. Оның өзінде бұл мекемелер ұжымдағы өзекті мәселелерді негізге алуды жөн көрмек, дайын құжатты көшіре салыпты.
Мәселен, құжатта аз қамтылған отбасындағы мектеп жасындағы балаға жазғы лагерьге тегін жолдама, көпбалалы жанұяға жылына бір рет бір жолғы төлемақы, жыл сайын медициналық көмекті қажет ететін отбасыға қаржылай көмек беру секілді маңызды мәселелер қамтылмайды. Бұны мамандар мониторинг барысында анықтаған. Ұжымдық шарттың болмауы немесе дұрыс жасалмауы жұмысшылардың құқығының шектелуіне алып келеді. Мамандардың айтуынша, өңірдегі еңбек қатынасының тұрақтылығы әкімнің жұмыс көрсеткішіне тікелей әсер етеді.
Сондықтан, мәселеге бей-жай қарамаған жөн десті олар. Облыстық мәслихат жанынан құрылған әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері жөніндегі депутаттық тобының алғашқы мәжілісінде әңгіме осы тақырып төңірегінде өрбіді.
Маманның айтуынша, қызметкерлер басшысына ұжымдық шарт жасасуды ұсынса, жұмыс беруші бас тартпауы тиіс. Әйтпесе заң алдында жауап береді. Атырау облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев мекемелердегі көшірілген ұжымдық шарттарды қайта жасау қажеттігін атап өтті.
Жиында жұмысшылар арасында ұжымдық шартты жасасу туралы тренингтер өткізу ұсынылды. Сөз реті келгенде айта кетейік, облыста жұмысшылардың құқығы талқыланған туралы мұндай отырыс алғаш рет өткізіліп тұр.