Caspian Life, 22 қараша. Атырау қалалық мәслихатында Amanat партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, онда партияның сайлауалды бағдарламасының биыл қаншалықты орындалғандығы туралы айтылды.
Қала әкімі Шәкір Кейкиннің сөзінше, осы жылы аманаттықтар қыруар шаруа бітіріпті. Жасалуы тиіс 34 іс-шараның тек үшеуі келесі жылға қалғалы тұр. Соның бірі — «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 145 әлеуметтік нысанның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы болуын қамтамасыз ету еді. Бірақ бұл жұмыстың қазір 30 пайызға жуығы жасалған.
Және қала аумағында салынып жатқан 27 тұрғын үй келесі жылы тапсырылмақ. Бұған құрылыс кезінде кеткен кемшілік себеп болып, тым жақсы қарқынмен басталған істің уақытылы аяқталуына кедергі болып тұр. Жиын барысында депутаттар шахар басшысына кей ықшам аудандарда жасалып жатқан жұмыстардың сапасын тексеруге қатысты пікір де айтты.
Отырыс кезінде Шәкір Кейкин облыс орталығындағы тротуарларға көңілінің толмайтынын айтып қалды. Өйткені әр мердігер өз білгенінше жасап жатыр. Сондықтан жаяуға арналған жол салудың ортақ стандартын жасақтауды қарастыру керек деді.
Жиын барысында футбол алаңдарын да бір стандартпен салу туралы сөз болды. Отырыс соңында қала әкімі осы мәселелерге қатысты депутаттармен тағы бір ақылдасып, шешімін табуды қарастыратынын айтты.