CaspianLife, 16 қараша — Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығына қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жеткізді. Компания басшыларына қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, 1 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылды. Тергеу мәліметіне сенсек, «ӨМГ» АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мамбетсапаев өзінің лауазымын пайдаланып, таныстарын жұмысқа алып, оларға еңбектенбесе де жалақы төлеген. Және Мәмбетсапаевтың бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаев пен тағы екі адам да шаталды.
«ӨМГ» АҚ бас директорының тағы бір бұрынғы орынбасары Е.Қарамырзаевқа ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша заңсыз тендер өткізу арқылы, сатып алуға қатысқан басқа қатысушылардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, жекелеген компаниялардың мүдделерін қорғады деген айып тағылды. Келтірілген шығып көлемі – 623 млн теңге», делінген хабарламада.
Сонымен қатар алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған 294 млн теңгені жымқырып, талан-таражға салған «ӨМГ» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы директоры мен жеткізушіге айып тағылды.
Барлық қылмыстық істер сотқа жолданды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды.