Биыл наурыз айынан бастап қарашаның біріне дейін атыраулық 156 жасқа арнайы комиссия 2,5 пайызбен несие беру туралы шешім шығарған. Қазіргі уақытта 107 жас қолдарына ақша алып, іске кірісіп кеткен.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жыл соңына дейін тағы 30 кәсіпкерді қаржыландырмақ. Несиенің ең жоғарғы соммасы — 5 миллион. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға, ал кәсіптің өзге түрлерімен айналысқысы келетіндерге 5 жылға дейін беріледі. Комиссия 21-35 жас аралығында азаматтардың өтініштерін қабылдайды.
Мамандардың айтуынша, жастардың бизнес идеяларын қолдау мақсатында мұндай жобаны елімізде Атырау алғаш рет қолға алып отыр. Бұл жұмыс үшін бюджеттен 939 миллион теңгеден астам қаржы қаралды. Несиенің көп бөлігі мал шаруашылығымен айналысу үшін берілген. Олардың арасында қызылқоғалықтар мен индерліктер белсенді.