CaspianLife, 13 қараша — Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің хабарлауынша, 17 қарашада еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде ұлттық ойындардан челлендж өтпек. Мектеп оқушылары «Бес табан» мен «Бес асық» ойындарына сайысқа түседі, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мақсат – оқушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімін тәрбиелеу, еліміздің мәдени мұрасын сақтау, ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау.
«Ұлттық ойындар – көңілге қонымды, шабыттандыратын және таңғаларлық нәрсе, ол денсаулық пен үйлесімді өмірдің кепілі. Асық ойнау баланың жүйке-бұлшықет жүйесін қалыптастырады, ой-өрісін кеңейтеді, мінезі мен ептілігін дамытады, көру қабілетін арттырады. Бұл ауқымды республикалық акция еліміздегі барлық білім беру ұйымдарын біріктіруге, өз еліне, өз ұлтына, туған жеріне деген мақтаныш сезімін оятуға, оқушылардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған», — деді департамент директоры Меруерт Медетбекова.
Челленджге республика бойынша бір миллионнан астам мектеп оқушылары қатыспақ.