Атырау мұнай өңдеу зауыты толықтай іске қосылды. Мұнда қазан айының басынан бері жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары жасалған еді. Зауыттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта « 2 753 бақылау-өлшеу аспабы мен автоматика құралдары, 723 электр қозғалтқыш, 62 қосалқы станция, 803 түтікше және 1 539 құбырдың тексеріліп-сынақтан өткізілгендігі» айтылған.
Қазір кәсіпорын Энергетика министрлігі бекіткен жоспар бойынша сұйытылған мұнай газы, автобензин және дизель отынын өндіріп, жөнелтуде. Енді кәсіпорын орта есеппен тәулігіне 600-700 тонна автогаз шығармақ ниетте. Бұл аз да болса, атыраулық көлік жүргізушілерінің қажеттілігін жабатыны анық.