CaspianLife, 20 қазан — Жиынға қалалық коммуналдық мекеме басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Басқосуда қозғалған басты мәселе — мамыр айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізілген жауапты мекемелердің қолы қойылған қысқа дайындық құжаттарының толық болуына қарамастан, көпқабатты пәтерлерде жылудың тиесілі уақыттан кешігіп қосылуы болды.
Қала әкімі Шәкір Кейкин кейбір пәтер иелері кооперативі жылу есептегіш құралдарын тексерістен өткізетін уақытын алдын ала қадағаламай, жылу маусымы кезінде пәтерлердің уақытылы жылуға қосылуына кедергі келтіріп, жауапсыздық танытқан басшыларына сын айтты. Осындай олқылықты жіберіп, жылу маусымы уақытында тұрғындардың наразылығын тудырған жауапты тұлғаларға заң талаптарына сай шара қолдануды қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына тапсырды.
— Қазіргі таңда барлық көпқабатты үйлер жылумен қамтылды. Дегенмен 16-19 қазан күндері жылудың жоқтығына байланысты тұрғындар тарапынан наразылықтар орын алды. «Атырау жылу жүйелері» АҚ мамандары қалада орналасқан 1031 көпқабатты үйге жылу беруге дайын бола тұрса да, кейбір пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдері тұрғындардың жылуға қатысты төлемақылардың көбейіп кететіндігін алға тартып, келіспеушілігінен жылуды 15-16 қазан күні қостырған. Алайда пәтерлердегі жылу құбырларынан ақау шығып, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан құрылған апатты жағдайдың алдын алу бригадасының көмегімен жөнделіп, тұрғындардың пәтеріне жылу берілді. Тұрғын-үй қатынастары заңындағы талаптар бойынша аталған жұмыстарды пәтер иелері кооперативінің көмегімен немесе тұрғынның өзі қалыпқа келтіру қажет еді. Әр көпқабатты пәтердің пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдерінің жауапсыздық танытып, уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізбегендіктен, тұрғындар тарапынан жылу маусымы уақытында әкімдік тарапына сын әкелуде. Қысқы дайындық құжаттарында бәрі қалыпты, жылу беру маусымына дайынбыз деген жауапты мекеменің де, көпқабатты пәтердің пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің өкілдерінің де мөрі бар. Жауапты адам міндетті түрде анықталып, тиісті шарасы алынатын болады, деді қала әкімі.