CaspianLife, 2 қазан — Халықаралық қарттар күні мен Атырау қаласы күні қарсаңында аталған орталық ғимаратының ашылуына қала әкімі Шәкір Кейкин қатысты, деп хабарлайды CaspianLife Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— ҚР Президенттің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатырған қарттарымызға арналған әлеуметтік жобалар мен нысандар аз емес. Міне, бүгін қос мереке қарсаңында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ашылу салтанатына келіп отырмыз. Зейнетке шыққан ардагерлеріміз бен мүгедектігі бар адамдарға уақытын тиімді өткізуге арналған бұл орталықтың маңызы зор. Сондықтан сіздер үшін бұл ғимараттың есігі әркез ашық, деді қала әкімі.
Екі қабаттан тұратын орталықтың негізі қызметі — зейнетке шыққан ардагерлеріміз бен мүгедектігі бар адамдарға өмірін ұзартып, рухани жасаруына жағдай жасап, әлеуметтік көмек көрсету. Мұнда егде жастағы адамдар тобына арналған 14 қызмет түрі бар. Атап айтқанда иога, дене шынықтыру мен спорттық ойындар жаттықтырушысы, музыка жетекшісі, қолөнер, заңгер, психолог кеңесі, тіпті информатика мұғалімдері де қызмет етеді.