CaspianLife, 1 қараша — Маңғыстауда соңғы уақытта құқық бұзған 165 жасөспірім анықталып, есепке қойылған. Бұл туралы Ақтауда Құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарының басшыларымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қадағалау бойынша өткен кеңесте Облыстық прокуратурадағы басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев мәлімдеді. Жиынға облыс әкімі Нұран Ноғаев та қатысты, деп хабарлайды CaspianLife Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін облыста бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Жыл басынан бері полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтар үшін жеті мыңнан астам кәмелетке толмаған жеткіншек жеткі зілді. Сонымен қатар ойын-сауық орындарында түнгі уақытта 91 құқық бұзушылық анықталды. 3891 ата-ана жауапкершілікке тартылды, — деп атап өтті Мерген Мендіғалиев.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырыстарында 215 ұсыным әзірленіп, қылмыс жасаған және заңды бұзған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты заңды шешімдер қабылданды.
Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жасөспірім балаларын тәрбиелеуге немқұрайлы қараған 59 ата-ана құқығынан айырылды, оның ішінде 5-і уақытша құқықтарымен шектелді. Олардың балалары басқа заңды өкілдердің қамқорлығына берілді. Ал 5 жасөспірім қайталанған құқық бұзушылықтарға байланысты девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектепке жіберілді. 236 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.