CaspianLife, 1 қараша — Атырау облысында көші-қон заңдылығын екі мәрте бұзған шетелдіктің ісі сотта қаралды. Сот қаулысымен шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Көрші елдің азаматы көші-қон саласындағы заңдылықты екі мәрте бұзған.
– Өзбекстан азаматы Ю. бұрын еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда, Ю. 2023 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасының аумағына жеке мақсатпен келіп, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз ЖШС-ға жұмысқа орналасқан. Сөйтіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот әкімшілік істі қарау кезінде заң бұзушының жасы 63-те екенін ескерді. Ол әкімшілік қамауға алынбады. Сот қаулысымен Өзбекстан азаматы Ю. кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматы анықталған.