Бірінші жер сілкінісі 13 қазанда Астана уақытымен сағат 06:03-те ТЖМ «СОМ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен тіркелді. Магнитудасы 5,0 жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 1041 шақырым жерде орналасқан.
Екінші жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 07:09-да болды.
«Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 1052 шақырым жерде Ауғанстан аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы — 10,6. MPV магнитудасы — 4,9», — делінген хабарламада.
Еске салайық, 7 қазан, сенбі күні таңертең бұл аймақта 6,3 баллдық соққы тіркелген еді. Эпицентрі Герат қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде болды. Бірінші жер сілкінісінен кейін магнитудасы 4,3-тен 6,3-ке дейінгі бірнеше сілкіністер тіркелген.
Жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендердің саны 2000 асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырды.